Мектеп мақтанышы!
Бүгінгі күні адамзат баласының алдында қоршаған орта, оған ұқыпты қарау және оның шешу жолдары деген мәселе тұр. Келешегін жас ұрпақпен байланыстыратын адамзат бұл мәселеге жастардың назарын аударуды мақсат ететіні белгілі. Әсіресе, тіршіліктің көзі су мәселесі адам баласын алаңдатып отырғаны анық.
Осы жерде оқушылардың ғылымға үлес қосу мақсатында ғылыми жобалар жазып, оны ғалымдардың талқылауына ұсынуы Сағат Елубайұлы Нұрпейісов басқаратын Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында жақсы жолға қойылғанын атап өтуіміз керек. Мектеп ЖОО-ның ғалымдарымен тығыз байланыста. Сол істің жақсы бір нәтижесі жақында жемісін көрсетті. Мектебіміздің 7 «Б» сынып оқушысы Зектай Айқожаның «Ақмола облысындағы Бурабай көлін тазалаудың экологиялық-экономикалық негізі» деген тақырыпта жазған жобасы Омбы облыстық Білім министрлігінің іріктеуінен өтіп, сәуір айының 19-20-сы ( 2011 ) аралығында Москва қаласында Жоғарғы сынып оқушыларының арасындағы су жобаларының Ресей ұлттық конкурсына шақырылды.
Бұл конкурстың мақсаты: су ресурстарын қорғау және қалпына келтіру туралы үздік шығармашылық жобаны анықтау.
Зектай Айқожаның ғылыми жетекшісі Көкше академиясындағы инновациялық технологияның проректоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, « Эко-Көкше» экологиялық орталығының директоры Хусайнов Абильжан Токанович.
Оған Қазақстан атынан 7 жоба қатысты. Соның ішінен Москва қаласындағы Россияның Гидрометцентрі өткізген « Модернизация водных проектов» атты конференцияда Зектай Айқожа жобасын оқыды.
Айқожа өзінің ғылыми жобасында Бурабай жерінде демалыс орындарының көбеюіне байланысты сол маңдағы көлдердің тартылуы, батпақтануы белең алғанын айта келіп, Ақмола облысы территориясындағы су ресурстарын сақтап қалудың жолдарын айтты және әрбір су қоймасын құжаттандыруды ұсынды.
Біздің Айқожа Экологиялық жобалар консалтинг институтының директоры Н. Г. Давыдованың, Гидрометцентр директорының т.б. беделді әділқазылардың назарын өзіне аудара білді. Өзін еркін ұстауы, сұрақтарға дұрыс жауап беруі, өзі жазған жобасын қорғауы конференцияға қатысушылардың да, әділқазылардың да көңілінен шықты. Олар Қазақстан туралы білді. Айқожа өзіне көп достар тапты.
Ал біз, мектеп ұжымы, өз оқушымыздың басқа елде сол елдің тілінде ғылыми жоба қорғап келгенін мақтаныш етеміз!
Маханбетова Б.Ж.
қазақ тілі мен әдебиет
пәнінің мұғалімі